Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) инвестиция ретінде бөлінетін барлық қаржы нарықтық мөлшерлемемен (12 пайыз) беріледі. Бұл туралы қазанның 18-і күні қаржы министрі Әлихан Смайылов журналистер сауалына жауабында айтты. Оның сөзінше, бұл қорда жиналған қаржы инвестициялық табыс әкелу үшін беріледі. "Егер қор қаржысы ешқайда инвестицияланбаса, онда оны инфляция жұтып қояды" деді Әлихан Смайылов.
Қазанның 16-сы күні энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов Астанаға газ құбырын тарту үшін жоба түріндегі "АстанаГаз КМГ" компаниясына БЖЗҚ-дан 85 миллиард теңге бөлінетінін айтқан.
Оның сөзінше, "Сарыарқа" магистральды газ құбырының алғашқы кезеңінің құны 263,7 миллиард теңге болады. Бұл соманың 80,3 миллиард теңгесі "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры мен "Бәйтерек" холдингінен бөлінеді. 102 миллиард теңге Еуразия даму банкі мен "Қазақстан даму банкінен" несие ретінде алынады. 85 миллиард теңге БЖЗҚ-дан инвестиция ретінде тартылады.
Жобаның алғашқы кезеңінде құбыр Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша тартылады. Құрылыс жұмыстары биыл қараша-желтоқсан айларында басталып, келесі жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.
Қазанның 11-і күні министр Әлихан Смайылов Қазақстанда екінші деңгейлі банктерге маңызды жобаларға несие беру үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 300 миллиард теңге бөлінетінін хабарлаған.
Қазақстанда БЖЗҚ-дан банктерге бірінші рет қаржы бөлініп отырған жоқ. Биыл мамырда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банктер мен қазақстандық корпоративтік эмитенттерге БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салу жоспарланып отырғанын айтқан.
БЖЗҚ-да жұмыс істейтін, зейнет жасына толмаған қазақстандықтардың міндетті зейнетақы жарнасы жиналады.