Facebook әлеуметтік желісі сайлауға килігумен күресетін арнайы бөлім ашты. France-Presse агенттігінің хабарлауынша, "командалық пункт" деп аталатын бөлім жалған ақпараттың таралуына жол бермейді.
Жалған хабарлармен күрес бөлімі Калифорнияда орналасқан. Жаңа бөлімде 20 шақты адам - талдау мен бағдарламалау саласындағы сарапшылар жұмыс істейді. Олар АҚШ пен Бразилиядағы сайлаулар кезінде күдікті аккаунттарды қадағалап отырады. 28 қазанда Бразилияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді. Ал АҚШ-та 6 қарашада Конгресске аралық сайлау белгіленген.
Биыл наурызда Cambridge Analytica компаниясы арқылы Facebook-тің 87 миллион қолданушысының мәліметтері ұрланғаны белгілі болған.
АҚШ-та былтырдан бері Ресейдің 2016 жылы АҚШ президенті сайлауына киліккенін тергеп жатыр. АҚШ арнайы қызметі Ресей сайлауға килігуде Facebook-ті пайдаланған деп біледі.
Facebook Ресейдегі "Тролльдер фабрикасы" деген атпен танымал "Интернет-зерттеулер агенттігімен" байланысты 300-ге аккаунтты жойған. Вашингтон бұл агенттікті АҚШ-тағы президент сайлауына килікті деп айыптайды. Мәскеу бұл айыпты бірнеше рет жоққа шығарған.