Алматыда бизнесмен Ескендір Ерімбетов пен топ адамның үстінен "алаяқтық" ісі бойынша өтіп жатқан сотта қазанның 19-ына белгіленген жарыссөз кешігіп басталды. Ерімбетовтің қорғаушылары сотқа дейін Азаттық тілшісіне оның сырқаттанып қалғанын айтты. Ерімбетовті сотқа әкеліп, процесс ашық деп жарияланды.
Прокурор Тимур Шамои тергеу мен сот сотталушының кінәсін "толық дәлелдегенін" мәлімдеді. Прокурордың сөзінше, 47 жастағы Ескендір Ерімбетов пен Михайл Зоров, 43 жастағы Дмитрий Пестов және 39 жастағы Василина Соколенко "2010-2017 жылдары мемлекеттік кәсіпорын мен квазимемлекеттік мекемеден алдын ала сөз байласып, сеніміне кіру және алдау арқылы аса ірі көлемде қаржы жымқырған".
Прокурор Ескендір Ерімбетовті жеті жылға соттауды сұрады. Sky Servise компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дмитрий Пестовты 6 жылға, осы компанияның бұрынғы басшысы Михаил Зоровты бес жыл шартты мерзімге, компанияның бұрынғы қызметкері Василина Соколенконы 5 жылға соттауды сұрады.
Ерімбетов 2017 жылдың қараша айынан бері қамауда отыр. "Алаяқтық" бабы бойынша іс 14 маусымда басталған. Ал "ақша жылыстату" туралы екінші айыпқа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің әпкесі, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.
Кейбір құқық қорғау ұйымдары Ескендір Ерімбетовке байланысты істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл мәлімдемені теріске шығарады.