Ингушетияның конституциялық соты Шешенстанмен арадағы әкімшілік шекара туралы келісімнің конституцияға қаншалықты сай келетінін тексереді.
Конституциялық сот сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, келісімді тексеруді парламент депутаттары мен тұрғындар сұраған.
Бұған дейін Ингушетия парламенті келісім референдум арқылы ғана мақұлдануы тиіс деп, оны қолдамаған. Соған қарамастан, 16 қазан күні Ингушетия мен Шешенстан арасындағы шекара туралы келісім күшіне енген.
Келісімге 26 қыркүйекте Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуров пен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қол қойған. Ингушетия тұрғындары өз жері санайтын Сунженский ауданы келісім бойынша Шешенстанға берілетін болғандықтан құжатқа қарсылық танытқан.
4 қазанда Ингушетия астанасы Магас қаласында келісімге қарсылардың митингісі басталған. Бірер күн бұрын ұйымдастырушылар Дүниежүзілік ингуштар құрылтайына дайындалу үшін акцияны 31 қазанға дейін тоқтатқан.