Пентагон Ауғанстанның Кандагар уәлаятында 18 қазан күні ауғандық жоғары шенді екі шенеунік қаза тапқан шабуылда АҚШ армиясының бригада генералы Джеффри Смайли жараланғанын мойындады.
НАТО-ның Ауғанстандағы миссиясының өкілі, АҚШ әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Грант Нили америкалық БАҚ-қа "Ол Кандагардағы шабуыл кезінде оқ тигеннен түскен жарақатынан емделіп жатыр" деп хабарлады. Ол жаралы генерал миссияның Кандагардағы ауруханасында жатқанын айтты.
Кандагарда уәлаят губернаторы кеңсесінде болған атыстан жергілікті полиция мен барлау қызметінің басшылары қаза тапқан. Ауғанстандағы парламент сайлауына бірнеше күн қалғанда жасалған бұл шабуылды "Талибан" радикалдық қозғалысы мойнына алған. Бұл шабуылдың кесірінен билік Кандагардағы сайлауды бір аптаға шегерген.
Ауғанстан билігінің лауазымды өкілдері Азаттықтың Ауған редакциясына қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуде оққағарлардың бірі оқ атқан. Оны сол жерде қауіпсіздік қызметкерлері атып тастаған. НАТО өкілінің сөзінше, жиынға қатысқан америкалық жоғары шенді қолбасшы генерал Скот Миллер зардап шеккен жоқ.