Қазанның 23-інде Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің туыстары мен адвокаты баспасөз жиынын өткізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, олар қазанның 22-сінде Ерімбетовке шыққан сот шешіміне наразылықтарын білдірді.
- Тергеу бойынша баламның бар айыбы – нарықтағы бағаны өсіргені. Келісім-шарт жасап, оны орындап, ақшасын алғаннан кейін арада жеті жыл өткен соң "сендер бағаны өсірген екенсіңдер" деп айыптап отыр. Олардың тендерді ең арзан бағамен жеңіп алғанын мүлдем есепке алмай отыр, - деді кәсіпкердің әкесі Мырзахан Ерімбетов.
Баспасөз жиынына қатысқан тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Ерімбетов ісі "экономикалық емес, таза саяси процесс" екенін айтты.
- Ол - бизнесмен, саясаткер емес. Оның тіпті билікке деген көзқарасы түзу еді. Оның бар айыбы – қарындасының ағасы болғанында. Ал қарындасы Ботаның бар жазығы – Қазақстандағы ашық айтылмайтын "А тізіміне" енуінде. Бұл тізімге Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы болғандар кірген, - дейді Дуванов.
22 қазанда Алматының Медеу аудандық соты кәсіпкер Ескендір Ерібетовті "аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық" жасады деп айыптап, жеті жыл түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Туыстары аппеляциялық шағым дайындап жатқанын айтады.
Ескендір Ерімбетов 2017 жылдың қараша айында қамалды. "Алаяқтық" бабы бойынша іс 14 маусымда басталған. Ал "ақша жылыстату" туралы екінші айыпқа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің қарындасы, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.