Италияның Eni энергетикалық концерні Ресейдің мемлекеттік "Роснефть" компаниясымен бірге Қара теңіз қайраңдарында көмірсутегі қорын іздеу жобасынан шықты. Ресей үкіметі аппараты қызметкерінің "Интерфакс" агенттігіне хабарлауынша, қазір сонымен қатар Баренц теңізіндегі жобаны "уақытша тоқтата тұру шарттары да талқыланып жатыр".
Үкімет өкілінің айтуынша, Eni-дің "Роснефть" компаниясымен бірлескен жобадан шығуы 2018 жылдың наурыз айында - Қара теңізде өте терең қабаттан көмірсутегі шикізатын іздейтін алғашқы бұрғылау жұмысы аяқталған соң басталған.
Eni мен "Роснефть" Баренц теңізі мен Қара теңіздің қайраңдарын барлау және игеру туралы келісімді 2012 жылы жасасқан.
Биыл мамырда ресейлік "Коммерсантъ" басылымының дереккөздері Eni мен "Роснефть" компанияларының геологиялық барлау жобалары Ресейге қарсы санкцияларға байланысты тоқтап қалғанын хабарлаған. Ол кезде "Роснефть" бұл ақпаратты жоққа шығарған. Eni өз міндеттемелерін "халықаралық санкциялар рұқсат беретін шекке дейін орындайтынын" мәлімдеген.
2017 жылы жазда АҚШ Ресейге қарсы кезекті санкциясын салған. Оның салдарынан америкалық емес компаниялардың Ресейдің мұнай-газ саласындағы жобаларды қаржыландыруына шектеу қойылған.