Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ресми сапармен келген АҚШ сауда министрі Уилбур Росспен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы қарым-қатынасты дамыту жайын талқылады.
Ақорданың хабарлауынша, кездесуде Назарбаев сауда министрінің сапары "АҚШ-тың Орталық Азия аймағымен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін дәлелдейтінін" айтты. Назарбаев бұған қоса биыл қаңтарда АҚШ-қа сапарлап барғанында АҚШ бизнесінің өкілдерімен кездесіп, бірлескен бизнес форумда 7 миллиард доллардың коммерциялық құжаттарына қол қойылғанын жеткізді. Президенттің сөзінше, қазір Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы 2 миллиард долларға жуықтайды.
Уилбур Росс өзімен бірге Астанаға америкалық 16 компанияның өкілдерінен құралған делегация келгенін, олардың Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту ниеті барын айтты.
Уилбур Росс Қазақстанға сапарының алдында Өзбекстанға барып, осы ел президенті Шавкат Мирзияевпен кездескен. Келіссөзде екіжақты сауданы дамыту, бірлескен жобаларды қаржыландыру, америкалық компаниялардың технологиясы мен тәжірибесін және инвестициясын тартып, банк пен қаржы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланған.