АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон президент Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинді 2019 жылы Вашингтонға сапарлап қайтуға шақырғанын хабарлады.
Болтон Азаттықтың Армян редакциясына берген сұхбатында Мәскеуге барған сапарында Путинге Трамптың шақыртуын жеткізгенін айтты. Болтон Мәскеуге осы аптада, Трамп АҚШ-тың орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасасқан келісімнен шығатынын жариялаған соң барды.
Еуропада орта және қысқа қашықтыққа ұшатын біраз зымыранды жоюға себеп болған келісім Вашингтон мен Мәскеу арасындағы стратегиялық тепе-теңдікті ұстап тұратын негізгі тетік саналады.
Болтон Ресей билігі өкілдерімен кездесуінде келісімнен басқа да мәселелерді, оның ішінде Сирия мен Украинадағы қақтығысты, Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға килігуі және Солтүстік Кореядағы жағдайды талқылады.
Ереванда Оңтүстік Кавказ елдеріне сапары барысында сөйлеген Джон Болтон көмекшілері келесі айда Парижде Трамп пен Путиннің кездесуіне дайындалып жатқанын айтты. АҚШ пен Ресей президенттері 11 қараша - Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 100 жыл толуына орай өтетін саммитте кездеседі деп жоспарланып отыр.