Грузияда соңғы жалпыхалықтық президент сайлауы өтіп жатыр

Президенттіктен үміткер азаматтардң бірі Давид Бакрадзе дауыс беру бюллетенін жәшікке салып жатыр. Тбилиси, 28 қазан 2018 жыл

Грузияда президент сайлауы өтіп жатыр. Ресми дерек бойынша, елде үш миллионнан астам сайлаушы тіркелген.

Грузия сарапшыларының пікірінше, президенттікке үміткер 25 адамның тек екеуінің ғана жеңіске жетуіне шынайы мүмкіндіктері бар. Олар - парламент депутаты, бұрынғы сыртқы істер министрі, “Грузин арманы” партиясы қолдайтын Саломе Зурабишвили және “Біріңғай ұлттық қозғалыс” партиясы атынан сайлауға түскен, бұрынғы сыртқы істер министрі Григол Вашадзе.

Бұл - елдегі соңғы жалпыхалықтық президент сайлауы. 2024 жылдан бастап президентті парламент пен сайлаушылар коллегиясы сайлайды.

Грузия заңы бойынша, сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын жинаған үміткер жеңіске жетеді. Егер бұл көрсеткішке жете алмаса, онда көп дауыс жинаған екі кандидат арасында сайлаудың екінші кезеңі өтеді.

Ал егер бірінші кезеңде-ақ жеңімпаз анықталса, онда сайлаудың түпкілікті қорытындысы 19 қарашада жарияланады. Ал сайлауда жеңген кандидат 18 қарашада ант беруі тиіс.