Мәскеуде және Санкт-Петербургте 28 қазанда өткен саяси тұтқындарды қорғау акциялары кезінде полиция 60-қа жуық адамды ұстады. Олардың бірнешеуі таңға дейін қамауда отырып, кейбірі хаттама толтырғаннан кейін босатылды.
Акция "Біздің және сіздің балаларыңыз үшін" деген ұранмен өтті. Оны "Новое величие" және "Сети" істері бойынша ұсталғандардың ата-аналары өткізді. "ОВД-Инфо" сайтының хабарлауынша, Мәскеуде Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимаратының алдына 500 адам жиналды. Мәскеу билігі митинг өткізуге рұқсат бермеген. Осыған байланысты бастамашыл топ Лубянск алаңы алдына плакатсыз шығуды ұсынды. Акцияға SERB ұйымының мүшелері келіп, кедергі келтірді. Мәскеуде 18 адам ұсталды.
Санкт-Петербургте де билік митинг өткізуге рұқсат бермеген. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, полиция 40 адамды ұстаған. Оның ішінде 12 жастағы қыз да бар.
Новосибирскіде жексенбі күні жалғыз адамдық пикеттер өтті. "Сибирь.Реалии" сайтының хабарлауынша, "Сети" ісі бойынша ұсталған Арман Сағынбаевтың анасы жалғыз кісілік пикетке шықты. Полиция оны ұстамады.
"Новое величие" және "Сети" істерінің фигуранттарын қорғаған митинг Дондағы Ростов, Пенза, Воронеж, Иркутск және Нижний Новгород қалаларында да өтті. Хельсинкиде белсенділер Ресей елшілігі алдында пикетке шықты.