Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) "Сирияда қазақстандық әйелдерді өлтіргені" туралы ақпараттың тексеріліп жатқанын хабарлады. СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров брифингте бұл ақпараттың дереккөзі әлі расталмағанын, сондықтан оны анықтаудың біраз уақыт алатынын айтты. "Сирия аумағында заңды және заңсыз жүрген біздің азаматтарымызға қатысты барлық мәселені Иорданиядағы елшілікке тапсырамыз" деді.
Өткен аптада "Ақтөбе таймс" басылымы Сириядағы әйелдер мен балаларды еліне қайтарумен айналысатын Солтүстік Кавказдағы қоғамдық ұйымға сілтеме жасап, "қазақстандық үш әйелдің өзге үш қазақстандық әйел мен баланы елге қайту үшін ақшасын тартып алмақ болып өлтіргенін" хабарлаған. Басылым дерегінше, ол үш әйелді кейін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының содырлары ұстап, өлтірген".