Маңғыстау облысындағы барлық сайлау комиссияларының құрамы қараша айынан бастап қайта сайланады. Ал келесі жылдың қаңтарынан бастап сайлау комиссиясы мүшелеріне арнайы жалақы тағайындалып, кәсіби жұмыс істейді. Бұл туралы қазанның 29-ы күні журналистерге Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Еркін Күмісқали мәлімдеді.
Ол бұдан бөлек, қазанның 28-інде Жаңаөзен мен Бейнеуде мәслихатқа жаңа депутаттар сайланғанын хабарлады.
Еркін Күмісқалидың сөзінше, Жаңаөзен қалалық мәслихатына депутат болып "Өзенмұнайгаз" мекемесінің мұнай өндіру цехы басшысы Қанағат Мыңтұрғанов пен "Нұр Отан" партиясының Жаңаөзен қалалық филиалы төрағасының орынбасары Нұрберген Хұдибаев сайланған. Ал Бейнеу аудандық мәслихатындағы депутаттың босаған орынына аудандық балалар спорт мектебінің директоры Талғат Есекенов сайланған. Ол мәслихаттар сайлауына "бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен өзге саяси партия өкілдері бақылау жасап, әділ өткенін" айтты. Бірақ кеткен депутаттардың себебін айтпады.
- Сайлау туралы заңға енген өзгеріске сәйкес, енді қандай да бір партияға мүше емес адамдар мәслихат сайлауына қатыса алмайды. Мысалы, біздегі облыстық мәслихаттың 25 депутаты да "Нұр Отан" партиясының мүшелері. Басқа партиялар мезгілінде бағдарламасы нашар болды ма, дауыс жинай алмады. Белсенді болған тек "Нұр Отан" ғана. Ол енді көшбасшы партия. Бұл өте дұрыс, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Маңғыстау облысындағы облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарда жалпы саны 115 депутат бар.