Эквадор соты Ассанждың елшілікті паналау ережесіне шағымын қарамады

WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж Эквадор елшілігінің балконында тұр. Лондон, 19 мамыр 2017 жыл.

Эквадор соты WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанждың Лондондағы Эквадор елшілігі аумағын паналап тұруының жаңа шарттарына қарсы шағымын кері қайтарды. Сот Эквадор сыртқы істер министрлігі Ассанждың елшілік аумағында қандай шарттармен тұратынын өзі анықтауға құқығы бар деп біледі.

Екі апта бұрын Эквадор сыртқы істер министрлігі Джулиан Ассанжды ереже мен талаптарды қатаң сақтауға міндеттеп, одан саяси мәлімдемелер жасаудан бас тартуды талап еткен. Жаңа ереже бойынша, Ассанж медициналық қызмет пен телефон үшін жұмсалатын ақшаны өзі төлеуі тиіс және мысығын өзі мұқият тазалауы керек. Прокурор Ассанж елшілік аумағын паналаған 2012 жылдан бері оның шығындарын жабуға 6 миллион доллар қаржы жұмсалғанын айтады.

Джулиан Ассанждың адвокаты Кардос Поведа Эквадор үкіметінің шарттарын "түрме ережесі" деп бағалаған. Эквадордың жаңа президенті Ленин Морено бұған дейін үкімет британ билігімен Ассанждың Лондондағы елшілік аумағынан кетуі жайын талқылап жатқанын растаған.

Джулиан Ассанж 2012 жылдан бері Эквадордың Лондондағы елшілігін паналап отыр. WikiLeaks сайтының негізін қалаушы өзін "әйел зорлаған" деп айыптап, экстрадициялауды сұраған Швеция билігінің өтінішін орындау туралы британ соты қаулы шығарған соң елшілікке тығылған. Кейін Швеция оған тағылған айыпты алып тастады, бірақ Ассанж британ үкіметі өзін ұстап, АҚШ-қа тапсыруы мүмкін деп қауіптенеді. АҚШ-та Ассанж "Ресеймен байланысы болуы мүмкін" деп күдікке іліккен. Соның бір мысалы ретінде "ресейлік хакерлер серверді бұзып ұрлаған" делінетін АҚШ Демократиялық партиясы құжаттарының WikiLeaks сайтында жариялануы айтылады. Ассанж өзіне тағылған айыптың саяси астары бар деп, Ресеймен байланысы жоғын айтады. Бірақ қыркүйектің соңында Ресейдің былтыр Ассанждың Ұлыбританиядан қашып шығуын жоспарлағаны, бірақ соңғы сәтте одан "тым қатерлі" деп бас тартқаны хабарланған.