Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) шекара қызметінің "Руслан Боширов пен Александр Петров туралы ақпаратты сатты" деген күдікті қызметкерін ұстады. Бұл туралы "Росбалт" агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік дереккөзінің мәліметінше, ФСБ 60 жеке тыңшыны және жабық мәліметтер базасынд сауда жасап көзге түскендерді тінткен. Нәтижесінде Солтүстік-батыс аймағы шекара қызметінің жұмысшысы мен Федералдық салық қызметінің қызметкері ұсталған.
"Росбалт" дереккөзі ұсталғандардың аты-жөнін айтпаған және ФСБ қозғаған құпия мәліметті заңсыз алу туралы істің Петровпен және Башировпен байланысы жоғын жеткізген.
Қыркүйектің басында Ұлыбритания билігі биылғы наурыздың 4-і күні Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға қарсы жүйкені жансыздандыратын аса улы зат қолдануға күдікті саналатын екі ер адамныңбейнебақылау камерасы түсірген фотосуретін жариялаған. Полиция мәлімдемесінде ол екі адамның Ұлыбритания аумағына "Руслан Боширов" және "Александр Петров" деген ресейлік азаматтарға берілген паспортпен келгені айтылған.
Оқи отырыңыз: The Insider мен The Bellingcat: "Руслан Боширов" – ГРУ полковнигі Анатолий Чепига"
Bellingcat зерттеу тобы Александр Петровтың шын аты Александр Мишкин екенін анықтаған. Зерттеу тобының мәліметінше, Мишкин әскери академиялардың бірінде медициналық білім алған және Ресей әскери барлауының қызметкері. Руслан Бошировтың ресейлік барлаушы Анатолий Чепига екені белгілі болған.
Ал "Петров" пен "Боширов" RT телеканалына өздерінің "қарапайым кәсіпкерлер" екенін, Солсбериге "турист ретінде барғанын" мәлімдеген.
Мәскеу Сергей мен Юлия Скрипальдерге жасалған қастандыққа қатысы барын жоққа шығарады. Ресей президенті Владимир Путин "Петров" пен "Бошировты" "қарапайым адамдар" деп атап, олардың ісінде "ешқандай қылмыс жоқ" деп мәлімдеген.