Ауғанстанның батысындағы Фарах уәлаятында ауған армиясының әскери тікұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 25 адам түгел қаза тапты. Бұл туралы 31 қазанда уәлаят губернаторының ресми өкілі Насер Мехди хабарлады.
Оның айтуынша, тікұшақ 31 қазан күні таңертең таулы Анар Дара ауданынан көршілес Герат уәлаятына ұшып шыққан соң бірнеше минуттан кейін ауа-райының қолайсыздығынан құлады.
"Талибан" қозғалысы тікұшақты өз содырлары атып түсіргенін мәлімдеді.
Насер Мехди тікұшақтағы жолаушылар арасында Ауғанстанның батыс аймағындағы әскери күштер бас қолбасшысының орынбасары мен Фарах уәлаяты кеңесінің басшысы болғанын айтты.
Бүгін сонымен қатар Кабулдан шығысқа қарай орналасқан Ауғанстандағы ең үлкен Пул-э Чархи түрмесінде жанкешті жарылыс жасап, жеті адам, оның ішінде түрме жұмысшылары мен қауіпсіздік қызметкері опат болды. Шабуылдан бес адам жараланды.
Ішкі істер министрлігінің өкілі Наджиб Даништің хабарлауынша, жанкешті 31 қазан күні таңертең түрме қызметкерлерін тасымалдап келе жатқан автобусты жармақ болған.
Түрмеде жүздеген тұтқын, оның ішінде "Талибанның" ондаған содыры отыр.
Түрме өкілі Абадулла Каримидің айтуынша, жанкешті жарылысты адамдар түрме қақпасының алдында тексеру пунктінде кезекте тұрғанда жасаған.
Шабуылды әзірге ешкім мойнына алған жоқ.