Байқоңырдан ұшырылған "Союз-ФГ" зымыран тасығышы зымыранның бірінші және екінші басқышын ажырататын датчиктің дұрыс жұмыс істемеуінен апатқа ұшыраған. Бұл туралы қазанның 31-і күні "Роскосмос" агенттігі хабарлады.
Агенттіктің ғарышқа адам ұшыру жобалары бойынша директоры Сергей Крикалев датчиктің істен шығуынан бір басқыштың багы жарылғанын айтады.
Бұған дейін "Роскосмос" зымыран құрастыру кезінде зақымданғаннан апатқа ұшырауы мүмкін деп мәлімдеген.
Қазанның 11-і күні Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған "Союз" зымыран тасығышы әуеге көтерілгеннен бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған. Зымыран тасығышқа тіркелген "Союз МС-10" ғарыш кемесі халықаралық станцияға ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейгті жеткізуі тиіс болған. Апаттан соң ғарышкерлер отырған капсула Байқоңырдан шамамен 500 километр қашықтыққа қонған. Бұл зымыранды ұшыру 4 миллиард 650 миллион рубльге сақтандырылған.