Ресейлік “Национальный комитет+60” тобы ел президенті Владимир Путинге КГБ атауын қайта қолдануды ұсынған. Дәл осының алдында әскери барлау күнін атап өту кезінде Путин әскери барлау қызметін совет заманындағыдай ГРУ (Бас барлау басқармасы) деп атауды ұсынған еді . Бұл ақпаратты ресейлік Znak.com сайты хабарлады.
Топ өкілдерінің пікірінше, бұл ұсыныстарды Ресей азаматтары толық қолдайды және “Батыс қолдап отырған” оппозицияның арандату әрекеттерінің күшін жояды.
Комитет сонымен бірге елдегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысатын бас басқарма - ГИБДД атауын да бұрынғыдай ГАИ деп атауды ұсынған.
“Национальный комитет+60” 2012 жылы Путиннің 60 жылдығын тойлау қарсаңында құрылған. Шарадан соң комитет таратылмаған. Ара-тұра осы сияқты ұсыныстар жасап отырады.