Бүгін Алматыда спортшы Денис Тенге ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш оның туып-өскен үйінің қабырғасына ілінді.
Ашылу рәсіміне Совет одағының және Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Денис Теннің Мәскеудегі жаттықтырушысы Татьяна Тарасова келді. Ол Денистің "жастайынан ерекше бала" болғанын, "тек Қазақстанда өмір сүргісі келгенін, Қазақстанды әлемге танытуға үлкен үлес қосқанын" айтты.
Шараға қатысқан Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев алдағы көктемде Денис Тенге ескерткіш қойылатынын хабарлады.
19 шілдеде Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен ауруханада қаза тапқан. Қала орталығында спортшыны көлігінің жанында әлдекімдер пышақтап кеткен.
Оқи отырыңыз: Денис Теннің қазасы қоғамды тіксінтті
Теннің өліміне қатысты бастапқыда екі күдікті - Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов ұсталған. Кейіннен "қылмысты хабарламаған", "қылмыстық топпен қатысы болған" деген күдікпен Жанар Толыбаева қамауға алынған.
Қазанның 25-і күні Денис Теннің өліміне қатысты тергеудің аяқталғаны хабарланды.