Рахат Әлиев ісі бойынша күдіктінің бірі сырттай қамауға алынды

Вадим Кошляк (сол жақта) пен Әлнұр Мұсаев банкирлер өліміне қатысты сотта отыр. Австрия, Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президентінің бұрынғы күзетшісі, Рахат Әлиев ісі бойынша сотқа тартылған Вадим Кошляк сырттай қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық соты хабарлады.

Қалалық сот таратқан мәлімдемеде "Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Кошляк Вадим Михайловичті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды" деп жазылған.

Алматы қалалық сотының хабарлауынша, қазанның 1-інде Кошлякқа іздеу жарияланғандықтан, шешім сырттай қабылданған. Вадим Кошляк Қылмыстық кодекстің "жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтіре отырып қорқытып алушылық" туралы жазылған 181-бабымен айыпталып отыр.

Оқи отырыңыз: Әлиев-Назарбаев тартысы аяқталған жыл

Кошляк Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, 2015 жылы Австрия түрмесінде өлі күйінде табылған Рахат Әлиевпен және Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевпен бірге 2007 жылы "Нұрбанк" АҚ-ның топ-менеджерлері – Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті қастандықпен өлтірді деп айыпталған.

2015 жылы Вена соты Кошлякқа екі жыл шартты жаза тағайындаған. Өлтірілген екі банкир жесірлерінің адвокаттары, Австрия прокуратурасы және Қазақстан бас прокуратурасы соттың бұл шешіміне наразылық білдірген.