Ресей пен Қытай премьерлері – Дмитрий Медведев пен Ли Кэцян АҚШ-тың санкция салу мен салықты көбейту әрекеттерін сынады. Олар бұл шара Кремль мен Пекин қатынасын нығайта түсті деп санайды.
Медведев қарашаның 7-сінде Пекинге барған сапарында "АҚШ дүниежүзілік саудада рөлін нығайта түсіп, саяси мәселелерді шешу үшін санкцияларды теріс мақсатта пайдаланып отыр" деді.
"Вашингтон Иран мен Ресейге салынған санкцияларды да, Еуропа одағы мен Қытайдың тауар тасымалына қойылған шекті де жергілікті саяси мәселелерді шешу үшін пайдаланып отырғаны анық" деді Медведев.
Екі премьер АҚШ-тың сауда-саттыққа қатынасты шектеуі бүкіл әлемге "протекционистік" күй орнатты" деп мәлімдеді. Ли Кэцян "АҚШ-тың мұндай саясаты мен бір жақты шара қабылдау бірнеше ел қатысатын сауда жүйесіне зардабын тигізеді" деді.
Ресей премьерінің сөзінше, дүниежүзілік сауда стандарттарын сақтауы тиіс болған Ресей де, Қытай да қазір ұйым қорғаушыларына айналып кеткен. "АҚШ қойған санкциялар мен сауда соғысы Ресейді өз ресурстарына ғана сенуге мәжбүрлеп, Пекин мен Мәскеуді барынша жақындастыруға бағытталған болса керек" деді ол.
Ресей премьерінің сөзінше, Пекин Мәскеудің ең ірі сауда серіктесіне айналған. Медведев "екі жақты сауда биыл 100 миллиард долларға жетеді" деп болжайды.