Өздерін “Ислам мемлекеті” деп атайтын экстремистік топ өкілдері Тәжікстанның солтүстігіндегі колонияда болған бүлікті “біз жасадық” деп мәлімдеді. Экстремистік топтың бұл мәлімдемесін 8 қарашада олардың “агенттігі” саналатын Amaq сайты хабарлады. Сайттың хабарлауынша, топ өкілдері 7 қарашада кешке қарай түрменің күзетшісіне шабуыл жасаған. Бүлік содан басталған.
Тәжікстан үкіметі мен күштік құрылымындағы анонимді дерек көздері де мұны растайды. Олардың айтуынша, түрмеде экстремизм мен терроризм бойынша айыпталып, жазасын өтеп жатқан “топ мүшелері” болған. Оқиға кезінде кемінде 24 адам қаза тапқан. Олардың екеуі түрме күзетшісі.
Тәжікстан билігі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Жергілікті билік колонияда бүлік болғанын растағанмен басқа ешқандай ақпарат айтпады.
Видео: Худжанд қаласының басшысы Диловар Умаров бүлік туралы (Орыс тілінде)
Оқиғадан соң қауіпсіздік қызмет өкілдерінің дайындығы тексеріліп, түрме орналасқан жер Худжанд қаласына әділет және өзге министрлік өкілдері барған. Дерек бойынша, құқық қорғау орган өкілдерінің бірнеше өкілі оқиға кезінде жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген.
Душанбе қаласынан 300 шақырым жердегі Худжандта орналасқан қатаң режимді колонияда негізінен терроризм, экстремизм және өзге де ауыр қылмыс жасады деп сотталған азаматтар жазасын өтейді. Олардың арасында тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" және "Ислам мемлекеті" діни экстремистік топтарына мүше болғаны үшін сотталғандар да бар.