Австрия канцлері: Ресеймен диалогты бұзбаймыз

Себастьян Курц, Австрия канцлері.

Вена австриялық бұрынғы әскери қызметкердің тыңшылық жасады деген күдікке ілінуіне байланысты дауға бола ресейлік дипломаттарды елден шығармайды. Бұл жайында Венада 14 қарашада өткен баспасөз мәслихатында Австрия канцлері Себастьян Курц мәлімдеді. Ол өз елі аумағында тыңшылық жасауды жөн көрмейтінін, бірақ Ресеймен диалогты сақтай беретінін айтты.

Курц Австрия үкіметі отставкадағы австриялық полковниктің ісін қоғамға жариялап, дұрыс істегенін айтты. Ресей Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Вена өз әскери қызметкерінен Ресей пайдасына тыңшылық жасады деп күдіктенсе, ол туралы БАҚ көмегіне жүгінбей, Мәскеуге тікелей хабарлауы керек болғанын мәлімдеген.

9 қараша күні австриялық БАҚ отставкадағы полковниктің Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Күдікті 1990 жылдардың соңынан бері Ресей әскери барлау қызметіне миграциялық дағдарыс, Австрия әскери авиациясы мен артиллериялық жүйелері туралы ақпарат беріп отырған. Мәскеумен 20 жылдай жұмыс істескен ол қызметі үшін барлығы 300 мың еуро көлемінде ақша алған.

Күдікті айыбын мойындаған, алайда, сот оны қамамаған. Курц бұрынғы әскери қызметкердің кінәсі дәлелденетінін айтады.