Қарашаның 15-і күні Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, форумда Қазақстан мен Өзбекстан билігі өкілдері екі елдің туризм саласындағы өз мүмкіндіктерін талқылап жатыр.
Өзбекстанның туризмді дамыту комитеті басшысының орынбасары Улугбек Касимxоджаевтың Азаттыққа айтуынша, бүгінгі форум екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
- Біз туризмді мемлекеттік деңгейден бөлек, аймақтық деңгейде дамытуды қалаймыз. Шетелдерден келген туристер Өзбекстанның Самарқан мен Бұхара қалаларын ғана емес, Қазақстанның тариxи аймақтарын көруді қалайды. Екі ел бірігіп туризм саласын жоғары деңгейде көтеру арқылы туристердің санын арттыруға мүмкіндік бар. Қазақ-өзбек шекарасы ашылғалы Өзбекстанда туристердің саны төрт есеге өсті, - дейді ол.
Улугбек Касимxоджаев туристердің көбеюі xалықтың әл-ауқатын көтеруге, жұмыс көзін ашуға септігін тигізеді деп біледі. Ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев көршілермен достық қатынас орнатуға тырысып жатқанын айтады. Оның сөзінше, Өзбекстан қазір бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда ашық және экономиканың барлық саласы мен елдің саяси өмірінде өзгерістер болып жатыр.
Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәминнің айтуынша, соңғы уақытта екі ел арасындағы сауда-сатық жанданып, салыстырмалы түрде алғанда соңғы тоғыз айда 40 пайызға артқан. Екі елдің шекара бекеттерінен соңғы жарты жыл ішінде Қазақстанға 2,2 миллион адам өтсе, Өзбекстанға 1,1 миллион адам өткен. Ол екі ел де туризм саласын дамытуға бірге күш жұмсауы керегін айтады.