Ресей құрамындағы Татарстан республикасында бүгін "өзара салық" туралы референдум өтіп жатыр деп "Idel.Реалии" сайты. Дауыс беру Қазан мен Набережные Челны қаласынан басқа Татарстанның барлық аудандарындағы 844 елдімекенде өтеді.
Азаматтар жол салу, ескерткіш орнату және т.б. жергілікті мәселелерді шешуге 100-ден 500 рубльге дейінгі көлемде біржолғы төлем жасауға келісесіз бе деген сауалға жауап береді.
"Голос" қозғалысының өкілдері "бақылаушылар қауымдастығында референдум мәліметтері қорытындысының әділ болатындығына күмән барын" айтады.
Өткен жылы Татарстанда 873 елді мекенде осы тәрізді референдумдер өткен. Солардың ішінде 14 муниципалитетте сайлаушылардың аздығына байланысты дауыс беру жарамсыз деп танылған. Қоғамдық бақылау болған жерлерде референдум өтпеді деп танылған, ал ондай бақылау болмаған жерлерде сайлау комиссиялары дауыс беруге сайлаушылардың 50 пайыздан астамы қатысқаны туралы хабарлаған.
Бұған дейін Татарстан мемлекеттік кеңесінің спикері Фарид Мухаметшин алғашқы төрт жылда республика "өзара салықты" қосымша қаржыландыруға 2,8 миллиард рубль жұмсағаны, ал азаматтардан 582 миллион рубль жиналғаны туралы хабарлаған деп жазады "Коммерсантъ". Былтыр Татарстанда жергілікті референдумдерді бір күнде – қарашаның үшінші жексенбісінде өткізу туралы шешім қабылданған.
Татарстанда "өзара салық" туралы референдумдер 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Тұрғындардан жиналған әр рубльге республика үкіметі қосымша төрт рубль қаржы бөледі. Билік референдум өткізу туралы бастамаға азаматтардың өздері мұрындық болады деп мәлімдеген, әйткенмен іс жүзінде дауыс беру идеясына көп жағдайда шенеуніктер ықпал етеді.