АҚШ Интерпол басшылығына Оңтүстік Корея кандидатын қолдады

Майк Помпео, АҚШ мемлекеттік хатшысы.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның Интерпол президенттігіне кандидат, оңтүстіккореялық Ким Чен Янды қолдайтынын мәлімдеді. Ким Чен Ян Интерпол қазір президенті міндетін уақытша атқарады. Бұл қызмет Интерполдың бұрынғы басшысы Мэн Хунвэй қыркүйекте жоғалып, кейін отставкаға кеткен соң босап қалған. Мэн Хунвэйді Қытай билігі Пекинге ұшып барған бойда ұстап, пара алды деп айыптаған.

Қарашаның 21-і күні Дубайда Интерполдың жыл сайынғы конференциясы өтеді. Жиында ассоциацияға мүше 192 елдің өкілдері Интерполдың жаңа басшысын сайлайды.

Соңғы күндері халықаралық БАҚ-та Мәскеудің Интерполдың қазіргі төрт ввице-президентінің бірі, ресейлік генерал Александр Прокопчуктың кандидатурасын қолдауға талпынып жатқаны туралы мақалалар жарияланып жатыр. Мәскеу Кремль Прокопчуктың Интерпол басшысы болып сайланғанын қолдайтынын ресми түрде мәлімдеген.

Бұл мәлімдемені Ресей оппозициясы мен америкалық саясаткерлер қатаң сынады. Шетелде тұратын оппозиционер Михаил Ходорковский мен Ресей құқық қорғау органдары іздеу жариялаған британдық қаржыгер Билл Браудер Александр Прокопчукты Интерпол басшысы қылып сайлаудың қауіпті екенін ескертті.

Александр Прокопчуктың сайлануына қарсылар ол Интерпол басшысы болса, ұйымды Ресей президенті Владимир Путиннің саяси қарсыластарын қудалауға пайдаланады деп санайды.

Ресей бұған дейін Путинді ең қатты сынайтындардың бірі Билл Браудерді Интерпол арқылы тұтқындауға бірнеше рет талпынған. Интерпол мұның саяси астары бар деп, тапсырысты орындаудан бас тартқан.