Украинада Еуромайдан деген атпен белгілі жаппай наразылықтың басталғанына бес жыл толғанын атап өтіп жатыр. Қарашаның 21-і күні Киевтің орталығында наразылық шерулерінде құрбан болғандарды еске алып, құрбандарға ортанылған ескерткіш кешеніне гүл қою рәсімі өтті. Бүгін сонымен қатар Киевте "Еске аламыз" акциясы аясында студенттер шеруі өтеді.
2013 жылы 21 қарашада Украинада сол кездегі президент Виктор Януковичтің билігіне қарсы, бірнеше айға созылған наразылық акциялары басталды. Шеруге шыққандар биліктен Еуропа Одағымен ассоциация туралы келісімге қол қоюын талап етті. 2014 жылы ақпанда билік ауысып, Виктор Янукович Ресейге қашып кетті. Шерушілер мен полицияның қақтығысынан 100-ден астам адам қаза тапты. Украинаның қазіргі билігі бұрынғы президент Виктор Януковичті шерушілерге оқ атқызды деп айыптайды.
Оқи отырыңыз: Украина сабағы: Еуромайдан және Қазақстан қоғамы
Украинада 2014 жылдан бері 21 қараша ресми түрде Ар-намыс және еркіндік күні деп жарияланған. Бұл күні 2004 жылы 21 қарашада басталған "қызғылт-сары" төңкеріс те атап өтіледі.