Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуінде Қазақстан Ресей, АҚШ және Солтүстік Кореяға ядролық қарудан бас тарту жөнінде келіссөз жүргізуге алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
"Ядролық державалар жауапкершілік арқалап, ядролық қаруды таратпау идеясы мен ұстанымына адал екенін білдіруі керек. Бүгінде адамзат болашақта не боларын білмей, үрейленіп отыр. Сондықтан мен АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа Одағы сияқты елдер түптің түбінде бүкіл әлем үшін жауапты екенін сезінеді деп, ұсыныс жасап отырмын. Олар жоғары деңгейде келіссөз, диалог өткізу керек" деді Қазақстан президенті.
Назарбаевтың сөзінше, орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен бас тарту қарулану жарысын бақылаудан шығарады.
Биыл қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ Ресеймен орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою жөніндегі келісімнен шығуға ниетті екенін мәлімдеген. Вашингтон бұған Ресейдің аталған келісімді бұзып, Еуропаға ядролық оқтұмсық жеткізе алатын радиусы шағын зымырандар орнатуі себеп деген. Ресей бұл айыптауды теріске шығарып, Вашингтонға жауап ретінде "әскери-техникалық тұрғыдан тиісті шара қолданатынын" мәлімдеген.
АҚШ пен СССР арасында орта және қысқа қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасалған келісім АҚШ пен Ресейге радиусы 300-ден 3400 миль қашықтыққа дейін жерден ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды шығаруға, сынақтан өткізуге және сақтауға тыйым салады.