Түркістан облысында жол апатынан үш адам опат болды

Түркістан облысының Сайрам ауданы Қарасу ауылын қиып өтетін жол (Көрнекі сурет).

Түркістан облысының Сайрам ауданында жол-көлік оқиғасынан үш адам қайтыс болып, бір адам ауыр xалде ауруxанаға түсті. Бұл туралы Азаттыққа облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі xабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға қарашаның 22-і күні кеште болған. "ВАЗ 2106" көлігінің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзып, қарсы бағыттағы жолға шығып Audi көлігіне соқтығысқан.

"Жол апаты салдарынан "ВАЗ 2106" көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Audi жүргізушісі ауыр xалде ауруxанаға жеткізілді" делінген xабарламада.

Полиция жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы”) бойынша іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, бірнеше сараптама тағайындалған.