Украинаның шығысында 2014 жылы шілдеде малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағы құлағанда опат болған 55 адамның туыстары Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына Ресейге қарсы арыз берген. Бұл туралы Нидерландтың NOS басылымы хабарлады.
Ұшақ апатына Ресей кінәлі деп білетін арыз иелерінің пікірінше, Мәскеу олардың құқықтарын бұзып, тергеу жүргізуге бөгет жасап отыр. Олар Ресей мемлекеті халықаралық тергеу тобына ұшақ апатына қатысты қажетті мәліметтерді беруден бас тартады, ал осы кезге дейін Ресей көрінеу жалған ақпарат тапсырған деп санайды.
2016 жылы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына осындай арызды Донбастағы ұшақ апатында қаза болған Австралия, Жаңа Зеландия мен Малайзия азаматтарының туыстары берген. Мамырда халықаралық тергеу, сонымен бірге Австралия мен Нидерланд биліктері Ресейді ұшақ апатына жауапты деп атаған.
2014 жылы 17 шілдеде Malaysian Airlines әуе компаниясының MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып бара жатқанда Украинаның Донецк облысы аумағына құлаған Boeing 777 жолаушылар ұшағындағы 298 адам түгел қаза тапқан. Апат себептерін тексерген халықаралық тергеу тобы ұшақты "Бук" зениттік зымыран кешенімен әуеден атып түсірген деген тұжырым жасаған. Тергеу болжамы бойынша, қаруды Ресейден жеткізген және зымыранды Украинаның шығысындағы сепаратистер бақылайтын аймақтан атқан.
2015 жылы Нидерланд Boeing 777 жолаушылар ұшағының апаты туралы іс бойынша халықаралық трибунал құруды ұсынған. Ресей бұл бастамаға қарсы болып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында оны өткізбей тастаған. 2018 жылғы наурыздың соңында Нидерланд үкіметі парламентке малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының апаты туралы іс бойынша кез-келген күдіктіні ел аумағында сотқа тартуды қарастыратын заң жобасын жолдаған.
Мәскеу малайзиялық ұшақ апатына қатысы бары туралы айыптауларды жоққа шығарады.