Қазақстан энергетика министрінің орынбасары Анатолий Шкарупамен бірге бұрын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры басқармасының төрағасы міндетін атқарушы болған Қайсар Байдалы мен ENERCO компаниясының директоры Ерлан Набиев сот шешімі бойынша тұтқындалған. Бұл туралы 24 қарашада Қазақстан бас прокурорының баспасөз қызметі хабарлады.
Ол таратқан ақпаратта бұл адамдардың Қарағанды облысы Сарань қаласында "жылуды есептеуге арналған аспаптарды сатып алу және орнатуға" бөлінген "бюджет қаржысын жымқырған деген күдікке іліккені" айтылған. Бас прокуратураның хабарлауынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры Сарань қаласында "жылу желісі мен орталық қазандық жоқ" болса да 215 миллион теңгеден астам ақшаны ENERCO компаниясына заңсыз аударған. Ол қаржыны жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған "қатысушылар өзара бөліп алған" деп санайды прокуратура.
Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ұсталғаны туралы ақпарат 19 қарашада тараған. Кейін сот қаулысымен оны екі айға тұтқындағаны хабарланған.
Анатолий Шкарупа энергетика вице-министрі қызметіне қазан айының басында үкімет қаулысымен тағайындалған. Оған дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, 2015-2017 жылдары Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болып істеген.
Шкарупаға дейін энергетика вице-министрі болған Бақытжан Жақсалиев биыл шілдеде Ақмола облысы аумағындағы шипажайда көлді тазарту жобасында болған ықтимал сыбайлас жемқорлықты тергеу аясында үйқамаққа алынған.