Британ премьер-министрі Тереза Мэй Ұлыбританияның Еуропа одағы құрамынан шығуының шарттары жөнінде жексенбі күні Еуроодақ лидерлері мақұлдаған келісім - "жалғыз мүмкіндік" екені туралы мәлімдеген.
Бүгін Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Мэй британ қоғамы мен парламент депутаттарын келісімді қолдауға шақырған. Ол сонымен бірге Британияның Еуропа одағынан шығуына қатысты тағы бір референдум мүмкіндігін жоққа шығарып, "сайлаушылар өз таңдауын жасағанын" айтқан.
Тереза Мэй британ парламенті келісімді қолдайды деп үміттенетінін жеткізген. Оппозициялық лейбористер жетекшісі Джереми Корбин өз партиясы келісімге қарсы дауыс беретіні туралы мәлімдеген. Бұған дейін консерваторлардың бір бөлігі де келісімге қарсылық білдіруге әзір екенін айтқан болатын. Осылайша қазіргі кезде Мэй басқаратын үкіметте келісімді қолдауға қажетті дауыс саны жеткіліксіз болып отыр.
585 беттен тұратын құжатта Брекзиттен кейін Ұлыбритания мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынастың принциптері жазылған. Құжатты сынаушылар Британия Еуроодақ мүшесі болмаса да, келісім шарты бойынша оның бірқатар ережелеріне бағынуға тиіс болғандықтан, "вассал" мемлекеттің кейпіне түседі дейді.
Қарашаның 25-і күні Брюссельде жиналған Еуропа Одағына мүше 28 елдің жетекшілері одақ құрамынан Ұлыбританияның шығуы туралы келісім жобасын мақұлдағаны туралы бір сағатқа жуық уақыт созылған отырыстан соң Еуропа кеңесінің басшысы Дональд Туск хабарлаған.
Келісім жобасымен қоса саяси декларация да мақұлданған.
Осының қарсаңында Испания Гибралтар проблемасы туралы Лондонмен келіссөзді Брекзиттен кейін жалғастыруға кепілдік алғаннан кейін келісім жобасын қолдауға көнген соң құжаттың жолындағы соңғы бөгет алынған болатын.
Саммит басталар алдында Еуропа Одағы лидерлері бүгін "мұңлы" және тіпті "қайғылы" күн деген, бірақ сонымен бірге, Лондонмен арадағы бұл келісім – мүмкін болатындардың ішіндегі ең үздігі деп мәлімдеген. Осыған ұқсас пікірді Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер мен Франция президенті Эммануэль Макрон айтқан. Юнкер Ұлыбритания парламенті келісімді мақұлдайды деп үміттенетінін жеткізген.