Иранның Иракпен шекаралас батысында 25 қараша күні кешке қуаты 6,3 магнитудаға жететін жер сілкінісі болып, 400-ден астам адам зардап шекті. Иран төтенше жағдайлар министрі Пир Хуссейн Коливандтың мемлекеттік телеарнаға айтуынша, зардап шеккендердің көбі жер сілкінісінен ғимараттар қирағанда емес, зілзала кезінде жан-жаққа қашып бара жатқанда жараланған. Құтқарушылар әзірге зілзаладан ешкім құрбан болмағанын айтады.
Иран сейсмология орталығының басшысы Әли Морадидің сөзінше, жер сілкінісі үлкен қалалардан қашық аймақта болған.
АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, зілзала ошағы Иранның солтүстік-батысындағы Илам қаласынан 114 километр қашықта, Иракпен шекарасына жақын аймақта болды.
Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы жер сілкінісі Иранның батыс Керманшах провинциясындағы күрдтер көп тұратын Сарпул-е Захаб қаласына жақын болғанын хабарлады. Жартылай ресми Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, зілзала дүмпуі елдің өзге алты провинциясында да сезілді.
2017 жылы қарашада Сарпул-е Захаб қаласына жақын аймақта қуаты 7,3 магнитудаға жететін жер сілкінісінен 620 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланған.