Ауғанстанның батысындағы Фарах уәлаятында полиция қызметкерлері мінген көліктерге "Талибан" содырлары шабуыл жасап, кем дегенде 20 адам қаза тапты.
Associated Press агенттігінің уәлаят кеңесінің мүшесі Дадулла Каниге сілтеме жасап хабарлауынша, шабуыл 25 қараша күні болған. Шабуылдан сонымен қатар жоғары шенді бірнеше полиция басшысы жараланған.
Уәлаят кеңесінің тағы бір өкілі Абдул Самад Салехидің айтуынша, полицейлер Лаш-уа-Джувейн ауданына жаңа полиция басшысын қызметке орналастыруға бара жатқанда содырлар тұтқиылдан шабуыл жасаған. Жаңа тағайындалған полиция басшысы шабуылда оққа ұшқан.
Шабуылды "Талибан" қозғалысы мойнына алды.
НАТО күштерінің негізгі бөлігі 2014 жылы Ауғанстаннан кеткен соң ауған қауіпсіздік күштеріне "Талибан" мен басқа да экстремистік топтар жиі шабуылдай бастаған.