Украина президенті Петр Порошенко Керчь бұғазындағы жанжалға байланысты елде әскери жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұғазда Ресей әскері Украинаның үш кемесін экипажымен бірге тұтқынға алған еді. Төтенше жағдай туралы құжат Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.
Жарлыққа сәйкес әскери жағдай Украинада 26 қарашадан 2019 жылғы 28 қаңтарға дейін созылады. Бас штабқа ішінара мобилизация бастау туралы пәрмен түскен.
Елдің қауіпсіздік қызметіне контр-барлау, терроризм мен диверсияға қарсы шараларды және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту туралы пәрмен берілген. Әскери жағдай Жоғарғы рада мақұлдаған соң барып күшіне енеді.
Бұған дейін Киев пен Мәскеу бір-бірін арандату әрекетіне барды деп айыптаған.
25 қараша күні таңертең Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, ұстап әкеткен. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелерін территориясына "заңсыз кірді" деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні "алдын-ала ескертілгенін" айтып, Ресей әрекетін "бассыздық" деп атаған.