НАТО Ресейді Керчь бұғазында ұстаған украин әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуға шақырды. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг 26 қарашада Брюссельде өткен баспасөз конференциясында "Украина кемелеріне әскери күш қолдануды ақтауға болмайды" деп мәлімдеді.
Столтенбергтің сөзінше, Ресей Керчь бұғазындағы әрекетінің кері салдары болатынын ұғынуы керек. Столтенберг Украинаға қолдау білдіріп, екі ел "ұстамдылық танытуы" қажетін айтты.
26 қарашада Ұлыбритания Ресейдің Украина кемелерін тұтқындағанын айыптаған. Ұлыбритания премьер-министрінің өкілі Джеймс Слак Керчь бұғазындағы оқиға Ресей билігінің аймақтағы тұрақтылықты бұзуға талпынып отырғанын дәлелдейтінін мәлімдеді.