Ингушетияда оппозиция белсендісі сотталды

Ингушетиялық оппозиция белсендісі Магомед Хазбиев сотта отыр.

Ингушетияның Магас аудандық соты оппозициялық белсенді Магомед Хазбиевті екі жыл 11 айға соттап, 50 мың рубль айыппұл салды. Бұл туралы "Медиазона" сайты "Агора" құқық қорғау тобының адвокаты Андрей Сабининге сілтеме жасап хабарлады.

Сот белсендіні Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуровқа, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына қарсы "өшпенділікті қоздырды" және заңсыз қару сақтады деп айыптады. Хазбиев өзін саяси және құқық қорғау қызметі үшін қудалап отыр деп санайды. Ол қауіпсіздік қызметі өкілдері өз қалтасына оқ-дәрі салып жібергенін айтады.

Құқық қорғаушы 11 қаңтар күні Назрань қаласында ұсталған. Содан бері ол абақтыда жалғыз кісілік камерада, бейне бақылауда отырған.

Магомед Хазбиев - ПАРНАС партиясы аймақтық бөлімінің бұрынғы төрағасы. Ол Ингушетия үкіметі мен Ресей президенті Владимир Путинді талай рет сынаған. Ол Ингушетияда биліктің қудалауына да ұшыраған. Хазбиев 2014 жылы Украинаның Еуропа Одағымен интеграциялануын талап еткен демонстранттарға қолдау білдіруге Киевке барған.