Грузиядағы президент сайлауының екінші кезеңінде алдын ала нәтиже бойынша басқарушы "Грузия арманы" партиясының кандидаты Саломе Зурабишвили қарсыласынан озып тұр. Орталық сайлау комиссиясы 28 қарашада өткен сайлауда берілген дауыстың 75 пайызын санағандағы нәтиже бойынша, Саломе Зурабишвили 60 пайызға жуық дауыс жинап тұрғанын хабарлады.
Экс-президент Михаил Саакашвилиді жақтайтын оппозициялық топтардың "Біріккен ұлттық қозғалыс" партиясының кандидаты Григол Вашадзе 40,5 пайыз дауыс жинады. Ресми мәлімет бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 56 пайызы қатысты.
Gallup сауалнама орталығының мәліметінше, Зурабишвили 58 пайыз, Вашадзе 42 пайыз дауыс жинады. Ал америкалық Edison Research компаниясы жүргізген сауалнама Зурабишвилидің 55 пайыз, Вашадзенің 45 пайыз дауыс жинағанын көрсетіп отыр.
Оқи отырыңыз: Грузия кезекті президентін сайлап жатыр
Экзит-пол нәтижелері жарияланған соң Зурабишвили жеңіске жеткенін мәлімдеп, сайлаушыларға "дұрыс әрі берік таңдау жасағаны" үшін алғыс білдірді.
Вашадзе сайлауда жеңілгенін мойындамай, түпкілікті нәтижені күтетінін мәлімдеді.
Михаил Саакашвили сайлаудың алдын ала нәтижелері жария болған соң "дауыс беруде заң бұзушылық көп болғанын" мәлімдеп, грузиялықтарды "еркіндік, демократия мен заңды қорғап қалу" үшін бейбіт шеру өткізуге шақырды.