Украина әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Игорь Воронченко Керчь бұғазындағы жанжалдан соң Киев Түркия билігінен Босфор бұғазынан Ресей әскери кемелерін өткізбеуді сұрайтынын мәлімдеді.
Украина президенті Петр Порошенко германиялық Bild газетіне берген сұхбатында Украина НАТО-ны Азов теңізіне кемелерін жіберуге шақыратынын мәлімдеген. Порошенконың сөзінше, Ресей Қырым мен Донбассты басып алған соң Украина аумағының тағы бір бөлігін тартып алмаққа талпынып жатыр.
Қара теңіз бен Жерорта теңізін қосатын Босфор және Дарданел бұғаздарының құқықтық мәртебесін Монтре конвенциясы реттейді. Конвенция бойынша, Түркия бұғаздан Қара теңіз жағасындағы елдердің әскери кемелерін өткізуге міндетті. Сириядағы әскери операцияға қатысқан Ресейдің Қара теңіз флотының кемелері соңғы кезде бұғаздан бірнеше рет өткен.
Алайда, Қара теңіз жағалауында орналаспаған, яғни НАТО-ның Түркия, Болгария және Румыниядан басқа елдерінің әскери кемелеріне бұғаздан өтуде айтарлықтай шектеу енгізілген. Ол кемелердің жалпы салмағы 30 мың тоннадан аспауы тиіс (осыған байланысты бұғазға америкалық "Нимиц" сияқты авиатасығыш кемелер кіре алмайды) және олар Қара теңізде 21 күннен артық жүре алмайды.
Конвенцияда Түркияның соғыс кезінде кез-келген соғысушы елдердің кемелерін өткізбей қоюға хақы бары көрсетілген. Қазір Ресей ешбір елге соғыс жариялаған жоқ. Сонымен қатар, Түркия егер өзіне басқыншылық қаупі төнсе бұғазды жаба алады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 29 қараша күні Түркия Керчь бұғазындағы жағдайға байланысты Киев пен Мәскеу арасында ара ағайын бола алатынын мәлімдеді. 28 қарашада Ердоған Петр Порошенкомен және Владимир Путинмен сөйлескен. Ердоған Керчь бұғазындағы жағдайды Аргентинада "Үлкен жиырмалық" (G20) елдерінің саммитінде талқылайтынын айтты.