Алматыда Қазақстанға Қытайдың Шыңжаң өлкесі Бұратала ауданынан қоныс аударған қазақтар баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуға көмек сұрады.
"Атажұрт ерікті жастары" ұйымының кеңсесінде жиналған азаматтар туыстарының Қытайда қамауда отырғанына алды бір жарым жыл, арты бірнеше ай болғанын айтты. Олардың сөзінше, туыстарынан құжаттарын тартып алып, саяси үйрену орталықтарына жапқан.
Алматы облысының Көксу ауданынан келген әйел Төлеухан Жұмабектің айтуынша, ұлы Манашбек Әубәкірді (Қытай азаматы) былтыр Қазақстанға келіп кеткен соң, тамызда ұстағанын, себебін түсіндірмегенін айтады.
Жиында сөйлеген "Атажұрт ерікті жастары" ұйымының өкілі "осындай жиындардың нәтижесінде Қазақстан билігі Қытайға қамауда отырған этникалық қазақтардың жағдайына қатысты нота жолдағанын" айтты.
2017 жылдың сәуірінен Қазақстан ақпарат құралдарында Қытай қазақтарының қысымға ұшырағаны туралы жиі айтыла бастады. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінен Қазақстанға қоныс аударған қазақтар Қытайда қамалған туыстарына араша сұрап бұған дейін де бірнеше рет жиын өткізген. Олар Қазақстан билігі мен халықаралық ұйымдардан Қытай билігінің туыстарын босатуына ықпал етуін сұрайды.
Қытай этникалық азшылық өкілдерін саяси лагерьлерге топтап қамайтыны жайлы Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен түрлі елдердің баспасөзі жазып келеді.
Қазанның 16-сына Шыңжаң үкіметінің төрағасы Шохрат Закир "осындай орталықтардың арқасында аймақ діни экстремистік әрекеттерден аман қалғанын, қазір жағдайдың қауіпсіз әрі тұрақты екенін" айтқан. Закирдің сөзінше, мұндай орталықтарда отырғандар мандарин тілін (қытай тілінің ірі диалектісі) меңгеріп, заманауи ғылым үйренеді. Саяси лагерьлерді "тегін кәсіп үйрену орталықтары" деп сипаттаған шенеунік мұнда "мамандық жетілдірумен қатар, спорттық мәдени шаралар өтетінін де" айтқан.