Бүгін - Қазақстан республикасының тұңғыш президенті күні. Елде бұл мереке осымен жетінші жыл қатарынан атап өтіледі. 2011 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен күшіне енген заң бойынша, бұл күн мемлекеттік мереке болып белгіленген. Биыл бұл күн сенбіге дөп келгендіктен, мейрам күндері туралы заңға сәйкес, одан кейінгі жұмыс күні, яғни 3 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні болып жарияланған.
Осы мереке күнтізбеге енгелі бері қалыптасқан дәстүр бойынша, ел көлемінде мекемелер мен оқу орындарында Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған түрлі шаралар өткізіледі. Биылғы мереке қарсаңында президент Назарбаев Астанада режиссер Ақан Сатаевтың "Елбасы жолы. Астана" фильмін көруге барды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі. Бұл шығарма - Назарбаев туралы түсірілген "Елбасы жолы" киноэпопеясының бір бөлігі.
Сыншылар бұл мерекені 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну көрінісіне теңейді, ал билікті қолдаушылар оны "тұңғыш президентке деген құрмет" деп санайды.
Қазақстанда Назарбаевтың есімі Астана халықаралық әуежайына, Алматыдағы орталық көшеге, университет, кітапханаларға берілген. Елде Назарбаев зияткерлік мектептері желісі бар. Бірнеше қалада тұңғыш президентке ескерткіштер орнатылып, мұражайлар, саябақтар ашылған.
Оқи отырыңыз: Басшы есімін беру дәріптеу амалына айналды
Қазақстанда 1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық төте дауыс беру жолымен өткізілген президент сайлауында сол кездегі Қазақ ССР-і президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес жыл мерзімге республика президенті болып сайланған еді. Содан бері осы қызметке бірнеше мәрте қайта сайланған Назарбаев Қазақстанды үздіксіз басқарып отыр.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы үнемі сынап, елде құқықтар мен бостандықтың шектелгенін және саяси тұтқындар бар екенін айтады. Батыс басылымдары Қазақстан президентін "ұзақ уақыт билікте отырған деспот" деп те атайды. Назарбаев әлгіндей сынмен келіспей, оларды "бос сөз", "елдегі жағдаймен таныс еместердің айтқаны" деп санайды.