Бішкектің Бірінші май аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты қамауда ұстау мерзімін 2019 жылғы қаңтардың 5-іне дейін ұзартты. Бұл туралы оның адвокаты Нұрбек Токтакунов айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Экс-премьерді қамауда қалдыра тұруды соттан Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) тергеушілері сұраған. Токтакуновтың айтуынша, олар Бішкек жылу энергетикалық орталығын (ЖЭО) жаңғыртуға қатысты құрылыс-техникалық сараптама қорытындысы әлі дайын емес деген уәж айтқан.
Бұған дейін, қазанның 2-сі күні Бішкек соты Исаковты тұтқында ұстау мерзімін желтоқсанның 5-іне дейін ұзартқан.
МҰҚК Сапар Исаковты "Бішкек жылу энергетикалық орталығын (ЖЭО) жаңғырт" бағдарламасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен биыл маусымның 5-інде ұстаған.
Оған "Қырғызстан президенті аппараты жетекшісінің сыртқы саясат жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде шетелдік компания мүддесін қорғады" деген айып тағылған.
Сапар Исаков өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.