Азаттықтың бұрынғы тілшісі Қиял Сабдалин қайтыс болды

Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин. (1990-жылдары түсірілген сурет.)

Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшісі журналист Қиял Сабдалин 70 жасында бүгін таңертең Алматыда қайтыс болды. Бұл туралы марқұмның досы журналист Жұмаш Кенебай Facebook әлеуметтік желісінде хабарлады. "Марқұм досым Қиял Сабдалин ұзаққа созылған ауыр дерттен көз жұмды" деп жазды ол.

Қиял Сабдалин 1990-1994 жылдар аралығында Азат Еуропа - Азаттық радиосы Қазақ қызметінің Қазақстандағы алғашқы тілшісі, кейін радионың Алматыда жаңадан ашылған бюросының жетекшісі болып істеген. Ол сол кезде Совет одағы құрамында болған Қазақ ССР-індегі әлеуметтік, саяси және экономикалық жағдай туралы, СССР мен Батыс арасындағы қырғи-қабақ соғыс аяқталып, "темір перде" жойылған соң қазақ қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер, Қазақстанның азаттық жолындағы күресі және ел тәуелсіздігін жариялағаны туралы маңызды хабарларды Азаттық аудиториясына жеткізіп отырды.

Туыстарының хабарлауынша, Қиял Сабдалинді жерлеу рәсімі желтоқсанның 3-і күні Алматы қаласында өтеді.