Өзбекстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан "шығу визасы" жойылады. Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған Kun.uz сайтының хабарлауынша, келер жылдан бастап елде 10 жыл мерзімге халықаралық паспорт берілетін болады.
Өзбекстан президентінің жарлығына сәйкес, мұндай құжат 10 күннің ішінде берілуі тиіс.
Қазір Өзбекстан азаматтары қолданыстағы паспорттарымен шетелге шыға алады, бірақ онда елден шығуға рұқсат беретін арнайы белгі болуы керек. Ондай рұқсаттың екі түрі бар. Паспортқа жапсырылатын арнайы белгі алыс шетелге шығатындарға екі жыл мерзімге беріледі. Ал өзбекстандықтардың паспортына соғылатын Ішкі істер министрлігінің дөңгелек мөрі өзбекстандықтарға жақын шетелге, соның ішінде Ресейге баруға рұқсат береді.
2011 жылы қолданысқа енгізілген, әлгіндей арнайы белгі жапсырылған биометриялық паспорттар 2021 жылға дейін жарамды болмақ.
Халықаралық қауымдастық "шығу визасы" елдегі оппозициямен күресте биліктің құралына айналуы мүмкін екенін айтып, бірнеше рет сынаған.
Шығу визасын жақында жойған елдердің бірі - Куба. Бұл ел визаның мұндай түрінен 2013 жылы қаңтарда бас тартқан. Өзбекстан - бұрын Совет одағы құрамындағы елдердің ішінде өз азаматтарына шетелге шығуға рұқсат беретін жүйе сақталып қалған жалғыз мемлекет саналады.