2018 жылдың басынан бері 15-19 жас аралығындағы 30 жасөспірім ВИЧ инфекциясын жұқтырған. СПИД-тің алдын алу және күрес республикалық орталығының директоры Бауыржан Байсеркин осылай деп мәлімдеді.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, ол бұл жағдайды "жалпы эпидемиологиялық процеске қатты әсер етіп отыр" деп бағалаған.
Дерек бойынша, балалар аурудың бірінші және екінші сатысында болған.
Қарай отырыңыз: Денсаулық сақтау министрлігі оқушыларға тегін презерватив таратуды ұсынды
"15-19 жастағылар арасында ауру көбіне жыныстық қатынас арқылы жұққан. Сырқатқа шалдыққандардың 90 пайызы – инфекцияның қалай таралатынын білмегендер" дейді Байсеркин.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 16 жастағы қыздарға ата-анасының рұқсатынсыз жүктілікті тоқтатуға рұқсат беруді ұсынған. Ведомство дерегінше, Қазақстанда ерте жүктілік көрсеткіші басқа елдермен салыстырғанда жоғары.
Денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа берген ақпаратына сәйкес, 2017 жылы Қазақстанда 2947 қыз 17 жасқа дейін жүкті болған. Олардың 20-сы - 15 жасқа дейін аяғы ауырлап қалып, 19-ы түсік жасатқан. Министрліктің жазуынша, былтыр ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1 305 түсік тіркеген. "2016 жылы бұл көрсеткіш 1 434 еді" деп жазады министрлік.