Қазақстанның әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегерлері белгілі болды. Сыйлықтың 2018 жылғы иегерлері Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Әдебиет саласы бойынша "Алқоңыр дүние" өлеңдер жинағы үшін Тыныштықбек Әбдікәкімов, "Ана сыры" өлеңдер жинағы үшін Ақұштап Бақтыгереева, "Шуақты шақ" өлеңдер жинағы үшін Өтеген Оралбаев мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық "Абай" операсын қойғаны үшін "Астана Опера" опера және балет театрының ұжымына және "Анаға апарар жол" фильмін түсірген шығармашылық топқа берілді. Сыйлыққа ие болғандар арасында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева бар. Ол "Анаға апарар жол" фильмінде бас продюсер болған. Фильм сценариін жазған Тимур Жақсылықов, режиссері Ақан Сатаев, фильмде рөлдерді ойнаған Әділ Ахметов пен Алтынай Нөгербек те сыйлық алды.
Оқи отырыңыз: Әлия Назарбаеваны жылатқан фильм
Мемлекеттің қаржылай қолдауымен түсірілген фильмде бір-бірінен ажырап қалып, ұзақ жылдардан кейін қайта қауышуға тырысқан ана мен баланың тағдыры бейнеленеді.