Қазақстан ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев парламент жиынының арасында журналистерді тұрғындар телефондарын тіркеткен соң "құқық қорғау органдарының азаматтарды бақыламайтынына" сендірді.
"Кез-келген құқық қорғау органы өз құзыреті бойынша бақылай береді деген сөз емес. Ол үшін арнайы сотқа жүгіну керек. Соттан рұқсат алу керек. Егер олар бақылап, ештеңе дәлелденбесе, жарты жылда ол туралы ақпарат беру керек. Оның бәрі заңда жазылған ғой, қараңыздар" деді Абаев.
Мұның алдында парламенттегі үкімет сағатында депутат сауалына жауап берген министр Абаев жаңа жылға дейін телефондары тіркелмеген азаматтар мереке кезінде байланыстан ажырамайтынына уәде берген.
Мәжіліс депутаты Михаил Чирковтің "Министрлік жаңа жыл түні қазақстандықтар ұялы байланыстан ажырап қалмас үшін нендей амал жасап жатыр?" деген сұрағына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап телефондарды тіркеу туралы талапқа байланысты абоненттердің көбі телефондарын тіркеткенін айтты.
"Бізде ұялы байланыс абоненттерінің саны халық санынан 10 миллионға асып кетеді - 26 миллион абонент, ал халық саны - 18 миллион адам. Яғни, бірнеше телефон мен SIM-карта ұстап жүрген адамдар бар. Қазір 70 пайызға жуығы тіркелді деп ойлаймын. Одан бөлек, 2-3 пайыз тіркелмеген құрылғылар бар, олар - көліктегі дабыл жүйелері. Қазір тұрғындарға түсіндіріп жатырмыз, барлық байланыс операторлары бойынша мәліметтер бар" деді Абаев.
Министр сонымен қатар телефон тіркелсе талайдан бері қолданылмаған телефон нөмірлері жойылатынын айтады.
"Байланыс туралы" заң бойынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұялы байланыс операторлары тіркелмеген телефон иелеріне қызмет көрсетпейді.