АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен арадағы шекарада қабырға орнатуға 5 миллиард доллар бөлінбесе, үкімет жұмысын тоқтататынын айтып сес көрсетті.
Президент бұл туралы мәлімдемесін Конгрестің өкілдер палатасындағы Демократиялық партия лидерлері Нэнси Пелоси және Чак Шумермен кездескеннен кейін жасады.
АҚШ президентіне қарсылық танытқан демократ конгресмендер құрылысты қаржыландыруды тоқтатып тастаған. Олар құрылысқа тек 1,3 миллиард доллар бөлетіндерін айтады.
Демократтар АҚШ шекарасының қауіпсіздігін қолдағанымен, қомақты көлемде қаржы бөлуге қарсы болған. Егер Конгресстің қос палатасы да бюджетті қолдамаса, онда мемлекеттік мекемелер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.
Трамптың президент сайлауы алдында заңсыз миграцияны тоқтату үшін Мексикамен арадағы шекараға қабырға тұрғызуға уәде берген. Сәуір айында президент ұлттық гвардияға шекараны мигранттар ағымынан қорғауды бұйырған. Қазір шекараны екі мыңға жуық гвардияшылар қорғап тұр.
АҚШ президенті тамыз айында қабырға құрылысына 3,5 милиард доллар бөлінгенін мәлімдеген. Ол құрылыс нәтижесінде кейбір аудандарда мигранттар ағымы 90 пайызға азайғанын айтқан.