Полиция Страсбургтегі шабуылға күдіктінің көзін жойды

Страсбургтегі шабуылға күдікті Шериф Шекат туралы полиция таратқан хабарлама.

Франция полициясы Страсбургте Рождество жәрмеңкесінде шабуыл жасаған күдіктінің көзін жойды. Бұл жөнінде 13 желтоқсанда Франция ішкі істер министрі Кристоф Кастанер хабарлады. Оның айтуынша, 13 желтоқсан күні кешке Страсбургте үш полиция қызметкері көшеде шабуылға күдікті 29 жастағы Шериф Шекатты ұстамақ болғанда ол оқ атып қарсылық көрсетпек болған. Сол сәтте полицейлер оны атып өлтірген.

Ол 11 желтоқсанда жәрмеңкеде адамдарға оқ атқан. Салдарынан үш адам қаза тауып, 13-і жараланған. Франция билігі шабуылды теракт деп атады.

Полиция мәліметі бойынша, шабуыл жасаған Шериф Шекат - Страсбург тұрғыны. Ол Францияда ғана емес, Германия және Швейцарияда қарақшылық үшін бірнеше рет жауапқа тартылған. Ұрлық жасағаны үшін Германияда түрмеге отырып шыққан. 2017 жылы оны Францияға депортациялаған.

12 желтоқсанда Шериф Шекаттың ата-анасы мен екі бауыры қамалғаны хабарланған.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы өзінің Amaq сайты арқылы Страсбургтегі шабуылды ұйым содыры жасағаны туралы мәлімдеме таратты. "Ислам мемлекеті" бұған дейін Еуропаның бірнеше елінде болған терактілерді мойнына алған.

2015 жылы Парижде ірі теракт болғаннан кейін, Францияда қауіпсіздік шарасы барынша күшейтілген. Соңғы үш жылда бұл елде бірнеше теракт болып, 200-ге жуық адам қаза тапқан.