АҚШ әкімшілігінің бюджеттік басқармасының жетекшісі Мик Малвени Ақ үй аппаратының басшысы міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл туралы шешімді АҚШ президенті Дональд Трамп қабылдаған.
Малвени жаңа қызметке келесі жылдың басынан бастап кіріседі. Бұған дейін Ақ үйдің аппарат басшысы болып істеген Джон Келлидің президент Трамппен келіспеушілікке байланысты қызметтен кететіні туралы хабарланған болатын. Малвени - соңғы екі жылда Ақ үй аппараты басшылығына келетін үшінші адам.
Трамп бұл қызметке лайықты адамды бес кандидаттың арасынан таңдайтыны туралы хабарлаған. Олардың ішінде АҚШ вице-президенті аппаратының басшысы Ник Айрс тағайындалуы мүмкін деген болжам айтылған. Бірақ ол мемлекеттік қызметтен кету туралы шешім қабылдаған. Бақылаушылардың сөзінше, Трамптың Малвениді аппарат басшысы "міндетін атқарушы" етіп тағайындауына қарағанда, ол бұл қызметте уақытша отыруы мүмкін деген болжам жасауға негіз бар.
Конгрестің бұрынғы мүшесі Мик Малвени қатаң бюджет тәртібін жақтайтын адам саналады.